Елеулі залал келмеген жол-көлік оқиғасын жүргізушілер полиция шақырмай және сотқа жүгінбей, өздері рәсімдей алады. Тиісті талаптар сақталса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абай облысының полиция департаменті 2026 жылғы 13 қазанда жол апатын Еурохаттама арқылы рәсімдеу тәртібін түсіндірді.
Еурохаттаманы мына жағдайларда қолдануға болады:
- жол апатына тек екі автокөлік қатысса;
- екі жүргізушінің де жарамды сақтандыру полисі болса;
- келтірілген залал 100 АЕК-тен аспаса;
- жүргізушілер арасында апаттың мән-жайы, кімнің кінәлі екені және көліктердің зақымдары жөнінде келіспеушілік болмаса;
- ешкім зардап шекпесе және өзге мүлікке зиян келмесе.
"Жол апатын Europrotocol, DTP.kz, Halyk Kazakhstan қосымшалары немесе сақтандыру ұйымының ресми сайты арқылы рәсімдеуге болады. Ол үшін жеке басты растау рәсімінен өтіп, декларация толтырып, оқиға орнында түсірілген фотосуреттер мен бейнежазбаларды тіркеу қажет", – деп хабарлады полиция.
Сақтандыру ұйымы декларацияны қабылдағаны туралы хабарлама жібергеннен кейін ғана оқиға орнынан кетуге болады.
"Барлық талап сақталса, жүргізушілер осы жол-көлік оқиғасы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды", – деп атап өтті департаментте.
Ал Еурохаттама талаптары орындалмаса, полиция шақыру қажет.
Бұған дейін 2026 жылғы 12 қазанға қараған түні Алматыда төрт автокөлік соқтығысып, бірнеше адам зардап шеккені хабарланған еді. Бұл жол апатына байланысты оқиға орнына полиция шақырылды.
Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина

