Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Король Филипп пен Патшайым Матильдаға ілтипат білдірді.
Президент мәртебелі меймандардың осы іс-шараға қатысуы тату достық пен екіжақты серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға деген ортақ ұмтылысты көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың қатарына кіретінін айтты. Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар экономикамызға 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған.
– Елімізде агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, фармацевтика, озық технологиялар мен энергетика салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Олардың қатарында Jan De Nul, Sarens және Ahlers сияқты жетекші бельгиялық компаниялар бар. Екіжақты сауда көлемінің өсіп келе жатқаны қуантады. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар сауда үдерістерін жеңілдету және тауар айналымы өсімін арттыру үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ғана халықтарымыздың қалауына қол жеткізетінімізге сенімдімін. Қазақстан Бельгияның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда серіктесі саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге Король Филипптің айрықша үлес қосқанына тоқталды.
– Сіз 16 жыл бұрын Қазақстанға сауда миссиясын бастап келдіңіз. Бұл қадам елдеріміздің іскер топтары арасындағы ұзақмерзімді ықпалдастыққа берік негіз қалады. Сіздің Бельгия бизнесіне көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз серіктестігімізді ілгерілетуге зор ықпал етті. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға әлеуетіміз жеткілікті, – деді Мемлекет басшысы.
Источник: Zakon.kz · Айдос Қали

