Айдос Сарым: Билікті сынаушылардың орнын басатын тұлғалар жоқ

06.10.2026 20:08 · Новости

Айдос Сарым: Билікті сынаушылардың орнын басатын тұлғалар жоқ

Фото: видеодан скриншот

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі жастардың үлесі мен зиялы қауымның қоғамдағы орны — ел дамуының негізгі бағдарларының бірі. Осы тұрғыда саяси реформалар мен қоғамдық өзгерістерге қатысты сарапшылар мен саясаттанушылар түрлі пікір білдіріп жүр. Солардың бірі — белгілі саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Айдос Сарым саяси биліктегі буын алмасуы мен бүгінгі қоғамдық ақыл-ойдың жай-күйі туралы ойын ортаға салды.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Бұл туралы ол DEMEDIA подкастында айтты.

«Сондықтан жастық шаққа тоқталатын болсақ, жастық деген — кемшілік емес. Кемшілік болып көрінген күннің өзінде, ол — өте тез әрі жылдам өтіп кететін уақытша нәрсе. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген халық мақалы да бар. Соған байланысты, меніңше, билікке жастардың келуінен қорқудың ешқандай негізі жоқ. Бүгінгі министрлеріміз бен әкімдеріміздің көбі — 30 бен 40 жастан асқан азаматтар. Тек министрлер деңгейіндегі орта буын өкілдерінің жасы, бәлкім, 45 пен 55 жастың аралығында шығар. Бірақ, негізінен, біздің бүгінгі саяси билік құрамы заманауи ұлт демографиясына толықтай сай келеді және сонымен қатар қатарласа дамып келеді. Оның есесіне бізде басқадай жағдай қалыптасқан. Мысалы, билікті сынаушылардың өздері қайта қартайып бара жатыр. Мен саясатқа алғаш келген кезде жүрген адамдардың көбі әлі де сонда жүр. Ал биліктің өзінде ондай ескі кадрлар қалған да жоқ. Мұның өзі көп жайтты аңғартса керек», — деді Айдос Сарым.

Сонымен қатар Айдос Сарым қоғамдағы олқылықтар мен шығармашылық өкілдерінің бүгінгі шынайылықтан алшақтауы жайында сөз қозғады.

«Қазіргі таңда билікті қатты сынап, оларды қызметтен кетуге шақырып жүрген адамдардың орнын басатын тұлғалар болмай тұр. Өйткені олар, біріншіден, соңдарынан жаңа саяси буын тәрбиелеп шығарған жоқ. Екіншіден, өздері де заман көшінен қалып бара жатыр және заманды «тек біздікіндей әрі біз сияқты болсын» деп талап етеді. Өкінішке қарай, бұл тек саяси диссиденттер мен оппозициялық бағыттағы азаматтарға ғана қатысты мәселе емес, жалпы біздің зиялы қауым мен ақыл-ой өкілдеріне ортақ жағдай. Мысалы, сіз өзіңізді жазушы, режиссер немесе суретші ретінде жұртқа танытқыңыз келсе, заманауи аудиторияның талабына қарай бейімделуіңіз қажет. Ал біздегі жазушылардың көбі өз шығармаларында бүгінгі қоғамды, ондағы өзгерістерді, заманауи тілді, лексиконды, тіпті халықтың арман-мұратын ескермейді», — деді Айдос Сарым.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Источник: Qazaq Today · Алмас Жарасхан