Алматыда полиция әйелді өз ұлы азаптағаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әлеуметтік желілерде алматылық тұрғын көшеде қолы
байланған жалаңаяқ әйелді кездестіргені туралы ақпарат тарады.
"Оның айтуынша, әйел қандай да бір жолмен сыртқа қашып шыққан. Кейін оның туған ұлы отбасылық өміріне араласты деген себеппен анасын байлап, жазалағаны белгілі болды", – делінген видео сипаттамасында.
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
бұл факті бойынша Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты полиция
бөлімінде тексеру басталғанын хабарлады.
"Әйелдің жеке басы анықталды. Қазір ол полиция бөлімінде түсініктеме беріп жатыр. Сонымен қатар бұған дейін аталған жағдай бойынша полицияға ешқандай арыз түспеген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады", – деп түсіндірді полиция.
Бұған дейін тағы бір жағдай түнде алматылықтарды таңғалдырған еді. Түнгі сағат үште қаланың дәмханаларының
біріне толықтай жалаңаш бала жүгіріп кірген. Кейін оның аутизмі бар екені және
ересектер ұйықтап жатқанда үйден өздігінен шығып кеткені анықталды.
Источник: Zakon.kz · Гүлай Ашекова

