“Ұлым бірнеше рет есінен танған”: Ақтаудағы мектепте оқушылар төбелесі видеоға түсіп қалды

06.10.2026 16:09 · Актуально

“Ұлым бірнеше рет есінен танған”: Ақтаудағы мектепте оқушылар төбелесі видеоға түсіп қалды

Ақтау мектептерінің бірінде дене шынықтыру сабағы кезінде 10 және 11-сынып оқушылары арасында төбелес болды. Оқиға видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Lada.kz.

Жанжал 5 қазанда дене шынықтыру сабағы кезінде болған. Зардап шеккен оқушылардың бірінің анасы ұлы сыныптастарымен футбол ойнап жүргенін баяндады. Алаңда 11-сынып оқушылары да болған.

Әйелдің айтуынша, ойын барысында оның ұлы мен жоғары сынып оқушыларының бірі сөзге келіп қалған. Анасы ұлының бірінші болып ұрғанын жоққа шығармайды. Алайда, оның сөзінше, оған дейін 11-сынып оқушысы жақындап, арандатып, қорқытқан.

"Алғашқы соққыдан кейін оған 11-сыныпта оқитын достары қосылып, оны топтасып ұра бастады", – дейді зардап шеккен баланың анасы.

Әйелдің айтуынша, оның ұлына сыныптасы араша түспек болған. Салдарынан оған да соққы тиген.

Төбелестен кейін оныншы сыныптың екі оқушысы да қабылдау бөліміне жеткізілді. Олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Анасы, әсіресе ұлы қаттырақ зардап шеккенін айтады.

"Ұлым төбелес кезінде бірнеше рет есінен танып қалды. Бірақ бұл оларды тоқтатпады. Оған көгеру, гематома диагнозы қойылды. Жүрегі айнып, құсып жатыр, басы айналады", – деп атап өтті әйел.

Ол баласының миы шайқалуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Анасының айтуынша, дене шынықтыру мұғалімі оқиға кезінде сабақта болған, алайда жанжалды тоқтата алмаған.

Ақтау қалалық білім бөлімінде бұл деректі растады. Ондағылар жанжал жоғары сынып оқушылары арасында болғанын және түсініспеушіліктен басталып, кейін төбелеске ұласқанын хабарлады.

Оқиғадан кейін мектепте мектеп инспекторының қатысуымен оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.

Ведомство мәліметінше, кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара келісімге келіп, бір-біріне талап-арызы жоқ екенін хабарлаған.

Десе де зардап шеккен баланың анасы болған оқиғаға қатысты тергеу жүргізуді талап етіп отырғанын хабарлады.

Ал қалалық білім бөлімі жанжал қатысушылары анықталып, ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілгенін қосты.

Оқиғаның мән-жайы мұқият зерделеніп, қажетті материалдар мен түсініктемелер жинақталды.

"Кәмелетке толмағандардың ата-анасы балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды. Аталған дерек бойынша материал қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды", – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Онда жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылғаны, олармен және отбасыларымен жұмыс жалғасатыны атап өтілді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Источник: Nur.kz · Колмакова Виктория